
«Жеңіс» саябағынан Үш ескерткіш ашылып,іргесінен «Үшбұлақ» жағажайы іске қосылды
«Жеңіс» саябағын қайта жаңғырту ісінің бірінші кезеңіндегі жұмыстармен жұртшылық жақсы таныс. Ал екінші кезеңінде атқарылған тірліктер одан көп болмаса, аз емес. Жалпы саябақтың 15 мың шаршы метр аумағына абаттандыру, көгалдандыру, көгеріштендіру жұмыстары жүргізілген екен. Бұл іс одан әрі де жалғаспақ. Мұнда әлі «Даңқ» залы ашылатын болады. Аталған саябақтағы мереке қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған флеш-моб көрсетілімімен басталды. Арнайы сахнадан Талас, Меркі аудандарының өнерпаздары ән мен күйді төгілтіп, бір шетте азық-түлік өнімдері мен қолөнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесі қызып жатты. Әсіресе меркілік «Дархан әже» тобының жүн сабау, текемет басу, ши, кілем тоқу, құрақ құрау, күбі пісу, диірмен тарту, қымыз баптау секілді ұлттық кәсіптеріміздің қыр-сырын іс жүзінде ұғындыруы келушілерге айрықша әсерлер сыйлады. Өңір басшысы Асқар Мырзахметов бастаған облыс пен қала, аудандар басшыларының, қала жұртшылығы мен соғыс және еңбек ардагерлері өкілдерінің, құрметті меймандардың қатысуымен алғашқы кезекте осындағы тыл еңбеккерлеріне арналған ескерткіштің ашылымы өтті. Жерлесіміз, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосовтың қызы, 90 жастағы Раиса апай мен соғыс және еңбек ардагері Ш.Райымбеков тыл еңбеккерлері жөнінде тебірене сөз қозғап, осынау ескерткіш олардың мехнатты еңбегі мен ерліктеріне лайық құрмет екенін атап өтті. Мұндай құрмет пен тағзым ету одан әрі Чернобыль атом электр стансасындағы апатты залалсыздандыруға қатысушылар мен ядролық сынақтан зардап шеккендерге арналған ескерткіш басында жалғасты. Айта кету керек, биыл Чернобыль АЭС-індегі апаттың орын алғанына 32 жыл толып отыр. Әлемнің атом энергетикасы тарихындағы ең ірі жарылыстың зардаптарын жоюға 800 мыңдай адам қатысса, оның 32 мыңы қазақстандықтар болатын. Чернобыльдің радиоактивті түтіні аймақтан асып, 10-нан аса мемлекеттің 145 мың шаршы шақырым аумағын ластағаны, бес миллионға жуық адам оның зардабын тартқаны әлі ұмытыла қойған жоқ. Қысқасы, осынау жарылыстың күші бір мезгілде 100 атом бомбасы тасталғанмен тең болды. Аталған техногендік апатты ауыздықтауға 1200 жамбылдық азамат қатысып, өз денсаулықтары мен өмірлеріне төнер қауіп-қатерге қарамастан радиацияның таралуына жол бермеу ісіне жанқиярлықпен атсалысқан. Ерлеріміздің бейбіт күндегі ерен ерліктері мен өнегелі істері бүгінгі жас ұрпақ үшін – үлкен өнеге. Өткенді ұмытпау, оларға құрмет көрсету бүгінгі қоғамның қасиетті парызы һәм борышы болуға тиіс. Міне, осындай айрықша елеулі маңызға ие ескерткіштің лентасын қиып, алдына гүл шоқтарын қою құрметіне ҚР Чернобыль ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестіктері үйлестіру кеңесінің төрағасы Бақытжан Әшірбаев пен облыстық Чернобыль одағы қоғамдық бірлестігінің мүшесі Владимир Хорошин ие болды. Олар да кіші нысанның өздері үшін шаһардағы ең құрметті орындардың біріне айналатындығына сенім білдірді. Бұдан кейін лентасы қиылған Ауған соғысы құрбандары мен қатысушыларының ескерткіші де өзінің тағылымымен талайды тәрбиелері анық. Осынау «әділетсіз соғысқа» біздің өңірімізден 2236 жауынгер қатысқан еді. Олардың 71-і қанды қырғында құрбан болды. Ескерткіштің ашылуы салтанатында Халық қаһарманы, Парламент Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытжан Ертаев жиналғандарды ортақ қуаныштарымен – Қала күні мерекесімен құттықтап, облыс басшысы Асқар Мырзахметовке жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу бағытындағы өнегелі ісі үшін барша Ауған соғысы ардагерлері атынан ризашылығын жеткізді. «Елбасымыз жуырдағы Жолдауында келер жылды «Жастар жылы» деп жариялау ұсынылғаны белгілі. Жамбыл облысы сол патриоттық істі бастап та кетті. Қысқа уақыт ішінде қаншама ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып, керемет ескерткіштер еңсе көтеріп жатыр. Жыр алыбы Жамбыл бабамызға облыстық әкімдік үйінің алдына ескерткіш тұрғызылды. Бұрын облыстық театр жанындағы елеусіздеу орында тұрған қазақтың хас батыры Б.Момышұлының ескерткішін осында алып келіп, орнатқаны үшін тікелей облыс басшысының өзіне зор алғысымды білдіремін. Жамбылдықтардың осынау тағылымды ісі алдында басымды иемін. Осылай жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелей берейік», – деді ол. Мәжіліс депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдары қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұлов та рухани жаңғыру қаланың ғана емес, сананың да өсуі екенін, Таразда осы ретте қолға алынып жатқан тірліктерді әбден құптайтындығын ағынан жарыла жеткізіп, одан әрі тілегін жыр жолдарымен жалғап кетті. Ауған соғысына 1979-81 жылдары қатысушы, арнайы топтың командирі болған Анатолий Букша да тілек қосты. «Жеңіс» саябағы аумағының тағы бір ауқымды бөлігі – «Үшбұлақ» каналы жағалауының көптен қараусыз қалып, қоқыс орнына айналдырылғаны белгілі. Осыған байланысты тұрғындар тарапынан сын да жиі айтылумен келді. Саябақтың 6,5 гектар аумағын абаттандыру кезінде 10 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған. Осындағы көп уақыт бойы жөндеу көрмеген аспалы көпір де қайта жаңғыртудан өтіпті. Оның ұзындығы – 72, ені 3 метрді құрайды. Сондай-ақ су айдынының көлемі де 60 метрге кеңейтілген. Демалушылар тамашалау үшін айдынға 5 аққу, 4 үйрек, ақ амур, карп секілді 3 мың балық шабағы жіберіліпті. Жағалау бойына 700 метрлік жаяулар жолы салынған. Мұнда суда серуендеуге арналған қайық, катамарандар да бар. Балалардың жаңа ойын алаңы жарақтандырылу үстінде. Жаңа демалыс аймағының ашылуы салтанатында құттықтау сөз сөйлеген облыстың Құрметті азаматы Аманкелді Карентаев пен техника ғылымдарының докторы, академик Өскенбай Мәдиев «Жеңіс» саябағы мен «Үшбұлақ» бойының сырттан келушілерге мақтана көрсететін шын мәніндегі көрікті демалыс аймағына айналғанын, бұл істі ұйымдастырушыларға, қарапайым жұмысшыларға қаланың да, облыстың да тұрғындары айрықша риза екенін атап өтіп, тараздықтарды, әсіресе жастарды осынау керемет нысандарды көздің қарашығындай сақтап, ұқыптап, күтіп ұстауға шақырды. Бұдан кейін аталған каналға балық жіберу рәсімі өтті. Сондай-ақ осындағы «Бейбітшілік» алаңына қала, аудандар мен мекеме, ұйымдар атынан жеміс ағаштарының көшеттері отырғызылды. Мерекеге қатысушылар «Үшбұлақ» аймағын аралап көріп, танысып, демалыстарын алғаш рет рәуішті табиғат аясында өткізу мүмкіндігіне де ие болды.
Көркейген шаһар көз тарта бастады
Көне дәуірлерден сыр шертетін, екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз қаласы қасиетті, құт қонған мекен. Киелі шаһар Ұлы Даланың мәдениеті мен өнерінің негізгі бастауы деуге де болады. Сол қойнауы қазынаға толы Тараз жері бүгінде жарқын жобалар мен тың бастамалардың арқасында келбеті өзгеріп, әсем қалаға айналды. Тараздықтар жаңғыру мен түрленуге түрткі болған ауқымды шаралардың нәтижесіне Қала күнінде куә болды. Солардың бірі – «Темір жол вокзалы аллеясы» және «Көне Тараз» стеласы. Алғашында Талас, Тараз деп аталған бұл шаһар 1856 жылы Әулиеата болып өзгертілгені тарихтан мәлім. 1938 жылы қалаға қазақтың халық ақыны Жамбыл Жабаевтың есімі берілді. Ақынның: «Атыңнан айналайын Әулиеата, атыңды мен алды деп болма қапа» дейтіні де осы кез. 1997 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен облыс орталығына өзінің тарихи атауы қайтарылды. Биыл Тараз қаласына кіретін бас қақпаның бірі саналатын темір жол вокзалының аумағын ретке келтіру мақсатында, алдындағы скверді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бүгінге дейін бұл аумақта қалаға келген қонақтарға ежелгі Тараз өңірінен сыр шертетін ешбір белгі жоқ болатын. Енді бұл орны толтырылып, асқақ «Көне Тараз» стеласына қаланың бұрынғы төрт атауы – «Талас», «Әулиеата», «Жамбыл» және «Тараз» деп жазылып, ұлттық құндылықтарымыз саналатын балбал тас, домбыра, қобыз, қауырсын бейнесі орнатылған. Сонымен қатар скверде 940 шаршы метрге жолаяқ төсеніші, 4000 шаршы метр жерге асфальт салынған. 20 жарық беретін шамдар, 8 орындық, 8 қоқыс жәшіктері қойылған. Сондай-ақ 2700 шаршы метр алаңға суғару жүйесі орнатылған екен. Алаңның эскиздік жобасын өңірімізде биыл жаңадан құрылған «Сәулеттік бюро» мекемесінің жас архитекторлары әзірлегенін айта кеткеніміз жөн. Ал сквердің абаттандырылған аумағы – 1 гектар. Аталған жобаны «Айя сервис» ЖШС жүзеге асырды. «Туған жерге тағзым» жобасы аясында бой көтерген стела – серіктестіктің жеке қаражаты есебінен қала тұрғындарына жасаған үлкен сыйы. Тараздың туған күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шараларды тамашалауға келген қала қонақтары стеланың ашылу салтанатына қатысты. Жиында облыстың Құрметті азаматы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сембек Сейдәзімов және темір жол саласының ардагері Сағымбек Ақшалов ескерткіш белгінің лентасын қиып, сөз сөйлеп біткен істің бастамашысы болған азаматтарға алғыстарын жеткізді. – Темір жол бекетінің алдында тұрған бұл стеланың орны ерекше. Елбасы «Тараз – тарихымыздың темірқазығы, тарихымыздың діңгегі» деп айтқан болатын. Өздеріңіз байқағандай, стелада тарихымыз бейнеленген. Елбасының биылғы Жолдауында да әлеуметтік тұрмыс пен өмір сапасын жақсартуға үлкен көңіл бөлініп отыр. Соның аясында 2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласында бүгін жиырма шақты нысан ашылады. Оның ішінде көптеген кешен, саябақ, аллея, сквер, балалар ойнайтын алаңдар бар. Бұл ел үшін жасалып отырған игі бастамалар, – деді Сембек Әбетайұлы.
Әулиеата аспанында ән әуеледіКүн өткен сайын көркейіп, шырайы кірген шаһардың Қала күнінде тараздықтар мен қонақтар тек сәні мен салтанаты жарасқан нысандардың ашылуына ғана куә болған жоқ. Бұл күні қаншама өнерпаздар қалалықтарға қызмет етті. Тұңғыш Президент саябағында Сарысу, Жамбыл аудандарының көркемөнерпаздары және шаһарымыздағы жоғары оқу орындары мен Ұлттық гвардия 5513 әскери бөлімінің сарбаздары әннен шашу шашты. Ал «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында «Таразым – тарихи мекенім» атты көрме өтіп, соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен аталған іс-шарада балалар жасаған макеттер көрмесі мен сәндік қолданбалы өнер көпшілік назарына ұсынылды. Бұл күні кешке қала жұртшылығы орталық «Достық» алаңына көптеп жиналды. «Тараз – менің сүйікті қалам!» атты салтанаттың түндігі хореографиялық композиция арқылы түрілсе, 400 студент қыздың би қойылымы көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Мерекелік шарада қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов тараздықтарды Қала күні мерекесімен құттықтады. – Бұл күн – тараздықтар мен қала қонақтары үшін дәстүрге айналған салтанатты мереке. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі» деп шаһарымыздың ел тарихында алар орнын айрықша атап өткен болатын. Бүгінгі Тараз уақыт ағымында заман талабына сай мәдениеті мен өнері қатар дамып келеді. Рухани, мәдени тарихымызды ғасырлар қойнауынан жоғалтпай келе жатқан ежелгі шаһар текеметтің түріндей түрлене түсіп, жаңа нысандар бой көтеруде. Облысымыздың бетке ұстар ірі өнеркәсіптік, мәдени орталығы саналатын қаламыз өткеннің келбетін сақтай отырып, жаңа заманауи көрікке ие болуда. Қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті өсіп, халықтың тұрмыстық жағдайы жақсаруда. Биыл да мерекеге үлкен дайындықпен келдік. Сүлейменов көшесінің соңында тұтастай №15 мөлтек ауданы бой көтеруде, – деді Ғалымжан Райылұлы. Сондай-ақ шаһар басшысы Тараздың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматтарды марапаттады. Бұл жолы «Жыл адамы» номинациясына «Альтаис» ЖШС-ның бас директоры Әлімбек Жұмабаев ие болды. Бұдан бөлек, «Ең таңдаулы кәсіпорын», «Тазалық жаршысы», «Үздік кварталдық комитет төрағасы», «Үздік көп пәтерлі үйлер кооперативі», «Үздік тәртіп сақшысы», «Үздік ел қорғаншысы», «Өмірге құштар жан», «Үздік мердігер құрылысшы», «Ең таңдаулы кәсіпорын» аталымдары бойынша бірқатар азаматтар марапатқа қол жеткізді. Ал концерттік бағдарламада қазақстандық эстрада жұлдыздары – Досымжан Таңатаров, Саят Медеуов, Қуандық Рахым, Арай Серікхан және «OXFORDS live band» вокалды-аспапты ансамблінің орындауында әндер шырқалды. Кеш соңы отшашуға ұласты.
«Aq jol»-дың тілшілер тобы: Есет ДОСАЛЫ, Баймаханбет АХМЕТ, Камила БОРАШОВА, Есен ӨТЕУЛИЕВ.
(Қала күніне орай өткізілген іс-шаралардың суреттер топтамасы 6-бетте).
Ұқсас жаңалықтар
Ерлік пен еңбекқорлықтың үлгісі болған
- 19 сәуір, 2025
Еңбек адамын қолдау – ең басты бағыт
- 19 сәуір, 2025
Ақпарат
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді