– Бұл санақ Біріккен Ұлттар Ұйымының азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы жүзеге асырып отырған 10-шы Дүниежүзілік ауыл шаруашылығы санақтары бағдарламасы аясында өткізіліп жатыр. Биылғы жылы мұндай санақ Қырғыз, Әзербайжан, Өзбекстан және өзге де ондаған елде жүргізіледі. Бұл – Қазақстанда өткізіліп жатқан санақтың әдістемесі мен принциптері халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетінін білдіреді. Санақ жүргізуде цифрлық технологиялардың енгізілуіне ерекше мән береді, бұл елдерге шығындарды азайтып, мәліметтерді өңдеу үдерісін жылдамдатуға мүмкіндік береді. Сонымен биыл ауыл шаруашылығы санағы екі кезең бойынша өтеді. Бірінші – онлайн кезең, бұл 1 мен 31 тамыз аралығын қамтып, sanaq. gov.kz сайтында респонденттер сауалнама парақтарын өз бетінше толтыра алады. Бұл интервьюерлерді күтпей-ақ уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді, мәліметтерді жылдамырақ жинауға және өңдеуге жол ашады. Сонымен қатар бұл қыркүйекте үй-үйді аралайтын мамандарға түсетін жүктемені азайтады. Біз осы жерде барлық ауыл шаруашылығы құрылымдары санақтан онлайн өтуі тиіс екенін ерекше атап өткіміз келеді. Екінші – офлайн кезең 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында өтеді. Интервьюерлер ауылдық жерлердегі шаруашылықтарды аралап, деректерді тікелей жинайды, – дейді департамент басшысы.
Жалпы алғанда облыс бойынша онлайн формат арқылы мыңнан астам ауыл шаруашылығы кәсіпорнын, сондай-ақ 33 мыңнан астам шаруа және фермер қожалықтары мен ауыл шаруашылығымен айналысатын жеке кәсіпкерлерді қамту жоспарланып отыр. 28 шілдеден бастап оларға sanaq.gov.kz порталында санақтан өту туралы 1414 нөмірінен SMS хабарламалар жіберіле бастады.
«Ауыл шаруашылығы санағы не үшін қажет?» деген сұрақ көптің көкейінде тұрғаны анық. Жоғарыда айтқанымыздай, ауыл шаруашылығы санағы тек сандар жиынтығы емес. Ол – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау шараларын тиімді жоспарлау және халықаралық міндеттемелерді орындау үшін қажетті деректердің басты көзі. «Санақтың негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы түрлі шаруашылықтардың қызметі туралы сенімді әрі өзекті ақпарат алу. Бұл деректердің негізінде тиісті мемлекеттік саясат қалыптасып, субсидиялау, техникалық жабдықтау, еңбек ресурстарын бөлу сынды шешімдер қабылданады», – деді Сырым Мәдиев.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес санақ жүргізу шешімі Үкімет деңгейінде қабылданған. Өткізу мерзімі аграрлық маусымның аяқталуымен сәйкестендірілген. Бұл – дала жұмыстарының қорытындысын ескеріп, дұрыс деректер жинауға жол ашады. Бір атап өтерлігі, бұл жолғы санақ науқанына дайындық бір жарым жыл бұрын басталған. Осы кезеңде Үкімет жанынан арнайы комиссия құрылып, барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылданған. Жергілікті атқарушы органдар, орталық мемлекеттік құрылымдар, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып жұмыс жүргізілген.
Биылғы санақтың басты жаңалығы – ақпарат жинау процесінің цифрлық форматта ұйымдастырылуы. Респонденттер ЭЦҚ, QR-код немесе SMS арқылы тіркеліп, сауалнама парағын өз бетінше толтыра алады. Жүйе респондент туралы кейбір мәліметтерді мемлекеттік дерекқорлардан автоматты түрде шығарып береді. Қатысушы сол ақпаратты растап, қажет болған жағдайда жаңарта алады. Сауалнаманы толтыру үдерісі үзіліспен де жүргізіледі – респондент мәліметтерін сақтап қойып, кейін қайта жалғастыру мүмкіндігіне ие. Сауалнама аяқталғаннан кейін электрондық пошта арқылы санақтан өткені туралы растау хаты жіберіледі. «Бұл әдіс деректердің нақтылығын арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне де қолайлы болмақ. Сондай-ақ цифрлық сауаттылығы шектеулі азаматтарға қолдау көрсету мақсатында Жамбыл облысында барлық қала мен аудандарда өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылған», – деді департамент басшысы.
Жиналатын деректер тек статистикалық мақсатта ғана пайдаланылады. Ұлттық статистика бюросы олардың құпиялығы мен анонимдігіне толық кепілдік береді. Деректер бастапқы иесін көрсетпестен, жиынтық түрінде ғана өңделіп, жарияланады. Бұл ақпарат салық немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейді. Респонденттер сауалнама толтыру барысында мал басы, техника, жер көлемі сынды көрсеткіштер бойынша мәліметтерін жаңартып, мемлекеттік деректер базасын өзектендіруге келісім бере алады. Оған қоса, порталда Sanaq-Myrza атты жасанды интеллект негізіндегі виртуалды көмекші жұмыс істейді. Ол сауалнаманы толтыру кезінде туындаған сұрақтарға жауап береді. Сонымен бірге 1446 нөміріне хабарласу арқылы да тиісті ақпарат алуға болады. Онлайн сауалнама кезеңінде бұл байланыс орталығы тәулік бойы, аптаның жеті күнінде жұмыс істейді.
– Сондай-ақ біз салалық бірлестіктермен – астық, сүт, ет және өзге де қауымдастықтармен ынтымақтастық орнатып отырмыз. Бұл – елдегі ірі ауыл шаруашылығы өндірушілері шоғырланған бірлестіктер. Олар санақ нәтижелерін алуға мүдделі әрі бізге жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Алайда елде ауыл шаруашылығымен айналысатын ұсақ шаруа және фермер қожалықтары өте көп. Сондықтан біз үшін осы санаттағы респонденттерді де барынша кең көлемде қамту аса маңызды. Sanaq. gov.kz сайтында сауалнамадан өту мүмкіндігі 1 тамыз күні сағат 00:00-де іске қосылды. Сауалнама сұрақтарына жауап беру үшін ЭЦҚ, SMS немесе eGovMobile қосымшасындағы QR код арқылы авторизациядан өтуі қажет. Бұл ретте, барлық респонденттерге мұқияттылық танытуды сұраймыз. Тіркелу кезінде растау коды көрсетілген электрондық поштаға немесе телефонға бірден жіберіледі. Бюро қызметкерлері қоңырау шалмайды және ешқашан төрт таңбалы растау кодын сұрамайды. Сайтта сауалнаманың екі нұсқасы болады, біреуі – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған, екіншісі – бақша, жер телімі немесе малы бар үй шаруашылықтары үшін. Сұрақтар жерді пайдалану, қолда бар техника, мал ұстау, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы өнімін өндіру мен өткізу, еңбек жағдайларына қатысты болады. Сайтта сауалнаманы толтыруға көмектесетін көмекші ақпарат, бейненұсқаулық болады. Сондай-ақ тәулік бойы жұмыс істеп, сұрақтарға жедел жауап беретін SANAQ мырза чат-боты бар. Онлайн санақтың басты артықшылықтарының бірі – деректерді сақтау мүмкіндігі. Егер сауалнаманы толтыра бастап, аяқтай алмасаңыз, кез келген уақытта қайта кіріп, қалған жерінен жалғастыруға болады. Санаққа қатысу үшін барлық жағдай жасалған. Егер ауылда компьютер немесе интернет болмаса, респонденттер ауылдық округ әкімдіктері мен аудандық статистика басқармаларындағы өзін өзі қызмет көрсету аймақтарына жүгіне алады. Жамбыл облысы бойынша барлығы санақтан өтетін 165 орын қамтамасыз етілген. Бұл пункттерде санақтан өту үшін жабдықталған орындар және сұрақтар туындаған кезде консультациялық көмек көрсетеді. Ал онлайн санақтан өтпеген үй шаруашылықтарын 20 қыркүйектен бастап интервьюерлер аралайды. Алайда егер олар сауалнамадан онлайн форматта тамыз айында өтіп қойған жағдайда, оларды ешкім мазаламайды, – дейді Сырым Мәдиев.
Онлайн сауалнама толтырмаған респонденттер үшін интервьюерлер ауыл шаруашылығы субъектілерін жеке аралап, сауалнама жүргізеді. Бұл жұмыс 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында ұйымдастырылады. Аралық кезеңде санаққа өз бетімен қатысқан шаруашылықтардың тізімі анықталып, қалғандарын нақты қамту көзделеді.
«Санақ респонденттердің барлық санаттарын қамтиды. Сондай-ақ 20 қыркүйекте басталатын офлайн кезең үшін ауылдық жерлерде интервьюерлерді жұмысқа қабылдау жүріп жатқанын ескертеміз. Жұмысқа орналасқысы келетіндер 1446 нөміріне немесе аудандық статистика басқармасына хабарласа алады. Санақтың нәтижелері кезең-кезеңмен жарияланады. Алғашқы мәліметтер осы жылдың желтоқсанында, ал қорытынды 2026 жылы ұсынылады. Барлық ауыл шаруашылығы өндірушілері мен үй шаруашылығы иелерін санаққа қатысуға шақырамыз. Осы арқылы сіз елдегі ауыл шаруашылығының дамуына ықпал ете аласыз. Сіздің жауаптарыңыз субсидиялардың бөлінуіне, сақтау қоймаларының салынуы сияқты маңызды шаралардың қолданылуына әсер етеді. Барлық ірі кәсіпорын өкілдері, фермерлер және шаруашылық иелері ауыл шаруашылығы санағына белсене қатысса дейміз. Санақтан sanaq.gov.kz сайты арқылы онлайн түрде өтіңіздер. Бұл көп уақытыңызды алмайды, бірақ бүкіл аграрлық саланың дамуына үлкен үлес қосады», – дейді Ұлттық статистика бюросының облыс бойынша департаментінің басшысы Сырым Мәдиев.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




