Талант тағдыры немесе осы жұрт әнші Амангелді Сембинді біле ме екен?
- author «Ақ жол»
- 18 ақпан, 2025
- 375

Таяуда еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінде журналист Қазыбек Құттымұратұлының «Классикалық өнер: Амангелді Сембиннің рухына арналады» деген мақала шықты. Онда «Биыл наурыз айында Орал қаласында әйгілі опера әншісі Амангелді Сембинді еске алуға арналған «Опералия» атты ерекше концерт өтеді» делінеді. Өте орынды жоспарланған, қолға алынып отырған іс-шара екен деп ойлаймын және қолдаймын. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамның адамдары ерекше таланттың өнер иесі Амангелді Сембиннің есімін, оның өмірі мен өнер жолын көпшілік біле бермейді. Өйткені, басылымдарда ол туралы мәліметтер жоқтың қасы. Сондықтан, биыл оның дүниеге келгеніне 80 жыл толатыны қарсаңында оның есімін халық жадында жаңғырту жөнінде мәс елені көтеріп отырған Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының басшысы Бауыржан Халиоллаға шексіз ризашылық білдіреміз. Ол газетке берген сөзінде ««Классикалық жанрда, опера саласында ән айтатын әншілер біздің Батыс Қазақстан облысында аз емес. Осы көштің басында Қанатқали Қожақов, Мұрат Әмірханов, Жұмағаным Рахимова сынды танымал өнерпаздарымыз тұр. Биылғы 29 наурызда Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен, Шамғон Қажығалиев атындағы эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен «Атамекен» өнер ордасында «Опералия» атты концерт ұйымдастырғалы отырмыз. Бұл іс-шара Ла-Скалада ән салған тұңғыш қазақ, әйгілі әнші Амангелді Сембинді еске алуға арналады. Біз бұл концертте Амангелді Сембиннің репертуарындағы кейбір шығармаларды халыққа қайта ұсынамыз. Сонымен бірге классикалық туын-дыларды сүйетін көрерменнің талғамына татитын мағыналы кеш болады деген ойдамыз. Осы арқылы тірі кезінде күншілдік пен қызғаныштың, бақастық пен көреалмаушылықтың құрбанына айналған, отбасында да бақыт құшағына ене алмаған Амангелді ағаның мерейлі датасын, арнаулы жасын күтпей-ақ дәріптеуді жөн санадық!», – дейді Бауыржан Ергенұлы.
Ал, оның кіндік қаны тамған жері – жамбылдықтар өнерпаздың аңыз бен ақиқат аралас өмірі туралы не біледі екен және оның 80 жасқа толуына облыстың мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, атқамінерлер не жоспарлап отыр екен деген сұрақ еріксіз ойға келді.
Амангелді Нақыпұлы 1945 жылдың 9 мамырында Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайылма кеңшарының құрамындағы К.Маркс (қазіргі Маят ас) ауылында қарапайым жылқышы отбасында дүниеге келген. Жасынан әншілік өнерімен әуестеніп, келе-келе өзі өскен ортасында әншілігімен таныла бастады. Бірде республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақтан») газетінің Жамбыл облысы бойынша тілшісі, белгілі ақын Жақсылық Сәтібеков Сарысу ауданының шаруашылықтарын аралап жүріп жайылмалық жылқышы Нақып Сембиннің үйіне ат байлап, түстенеді. Оны үй иесі қуана қарсы алып, әңгіме-дүкен құрады. Реті келгенінде ұлы Амангелдіні шақырып, бірнеше ән айтқызады. Кең тынысты Амангелдінің әнін тыңдаған Жақсылық аға: «Нақау, мына сіздің балаңыздың салған әніне, ерекше әдемі даусына тәнті болып отырмын. Бұл баланың жолын ашайық. Маған беріңіз мұны, Жамбылдағы мәдени- ағарту училищесіне апарып, өзім түсірейін, оқысын», – деп қолқа салады. Әрине, алғашқыда әкесі: «Ойланайық, шешесі не дер екен бұл ұсынысыңызға», деп әйеліне қарайды. Ана жүрегі ұлының болашағын, өскенін қалап, көп ойланбай келісімін береді. Сөйтіп облыстың ту сонау бір түкпіріндегі ауылда булығып өсіп келе жатқан өнерлі жасөспірімді облыс орталығы Жамбылға ертіп келіп, мәдени-ағарту училищесінің директорына кіріп, Амангелдіні оқуға түсіреді. Сөйтіп, өнер мен әнге әрдайым жақын жүретін сері азамат Жақсылық ағаның қолдауымен талантты жасқа өнер саласының есігі ашылып, үлкен өнердің алғашқы баспалдағы басталады.
Амангелді мен училище қабырғасында болашақ ақын Шырын Мамасерікова да қатар оқыпты. Бір жолыққанымызда ол Амангелді Сембин жайлы былай деп еске алып еді:
– Сарысулық Амангелді Сембинмен Жамбыл мәдени-ағарту училище сінде жас кезімізде бірге оқыдық. Амангелді сұңғақ бойлы, сұлу жүзді, қыр мұрынды келбетті жігіт болатын. Қыз біткеннің оған қызықпайтыны жоқ еді. Бірақ сол кездегі қыздардың бойындағы нәзіктік, инабаттылық оны білдіруге жібермейтін. Амангелді өлең жазатын. Негізгі арманы ақын болу еді. Әдебиетке деген құштарлығы ерекше еді. Әбділда Тәжібаев, Шона Смаханұлы сияқты танымал қаламгерлермен болған кездесулерден қалмайтын. Амангелдінің бойындағы тағы бір қасиет – ән салу еді. Ол әуелете ән шырқағанда бәріміз де тамсанатынбыз. Оған ақындық бұйырмаса да, кейін керемет әнші болды. Жерлесі болғандықтан, маған әрдайым қарындасым деп ағалық қамқорлық көрсетіп жүрді. Қыздар мен жігіттер бір-біріміздің «анкетамызды» толтыратынбыз. Сол арқылы хат жазысып, сырласатынбыз. Менің қолымда сол жылдары жазылған қалың дәптер сақтаулы. Сол көне дәптердің ішінде Амангелдінің бірнеше тырнақалды жырлары мен маған арнап жазған тілектері бар. Өз басым Амангелдідей талантты тұлғамен таныстықта, білістікте болғанымды үлкен құрметпен еске аламын, – дейді Шырын ақын.
Иә, көпшілік елден шеткері, кішігірім, ат төбеліндей шағын ауылдан қанаттанып, арман қуып, жолы болып, Жамбыл мәдени-ағарту училищесінен кейін конкурсқа қатысып, байқауда 800 талапкердің ішінен тек 25 ғана «електен» өтіп, Мәскеу консер-ваториясының вокалдық факультетіне түседі. Бұл оқу орнында Амангелді Сембин қазақтың асыл перзенті Дінмұхамед Қонаевтың арнайы (айына 100 рубль-сом) стипендиясымен білім алған екен. 1970 жылы оны тәмамдап, Алматыдағы Абай атындағы қазақ академиялық опера және балет театрына соло-әншісі болып қызметке орналасты. Ерекше дауысты, талантты әнші келген бетте сахнаға Евгений Брусиловскийдiң «Қыз Жiбек» операсындағы Төлеген партиясын алып шыққан. Ал, Қыз Жiбек партиясын әйгілі әнші Бибiгүл Төлегенова орындаған екен. Жас әншінің ария орындауына риза болған опера авторының бірі, көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов: «Төлегеннің партиясын орындаған қанша әншіні көріп, тыңдап жүрмін. Бірақ Сембин Амангелдідей тамаша, нақышына келтіре орындағанын кездестірмеппін. Талант деп осыны айт!», – деген екен өнер иесіне тамсанып. Шынында да әлем мойындаған даңқты үш тенор – Лучано Паваротти, Хосе Каррерас және Пласидо Доминголар болса, қазақтың өнерлі қара баласы солардың қатарына енді. Бұл – таңғажайып құбылыс еді.
А. Сембин 1972 жылы Мәскеуде арнайы қатал комиссияның байқауынан өтіп, 1973-1975 жылдары Италияның Милан қаласындағы әйгілі «Ла Скала» опера театрында тәжірибе жинақтады. Италияның «Ла Скала» театры әлемдік мәдениеттегі орны айрықша ғимарат. «Ла Скала» сахнасында әлемге танымал өнер майталмандары ғана өнер көрсетеді. Ал, өткен ғасырдың 70 жылдары бұл театр сахнасында тұңғыш қазақ баласына ән шырқау бақыты бұйырды және сол өнер ордасында ән шырқаған тұңғыш қазақ ретінде тарихта есімі қалды. Әлемдік мәдениеттің ең озық ордасы саналатын сахнада екі жыл ән шырқаған ол елге оралғаннан кейін көптеген айтулы опералардың бас кейіпкерлерін сомдады – Айдар (А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайында»), Біржан (М.Төлебаевтың «Біржан–Сарасында»), Адақ (С.Мұхамеджановтың «Жұмбақ қызында»), Ленский (П.И. Чайковскийдің «Евгений Онегинінде»), Пинкертон (Дж.Пуччинидің «ЧиоЧио- Санында»). Фауст (Ш.Гуноның осы аттас операсында), Адьфред, Герцог (Дж.Вердидің «Травиатасы» мен «Риголеттосында»), Дон Оттавио (Моцарттың «Дон Жуанында»), тағы басқа партияларды орындады. Оның концерттік репертуарында халық әндері де («Айнамкөз», «Ақбақай», « Балқурай», «Бурылтай», «Қарғаш», «Шәпибай-ау ») мол орын алды. Гастрольдік сапармен шетелдерде (Германия, 1969; Чехо славакия, 1972; Франция, 1975) болып өнер көрсетті. Сөйтіп, қазақ өнерін күллі Еуропа жұртшылығына танымал еткен аса дарынды талант иесі, өнерлі тұлға болды.
1980 жылдан Алматы театр-көркемсурет институтында (қазіргі Қазақ ұлттық өнер академиясында) ұст аздық қызметпен (1991 жылдан доцент) шұғылданады. Сембин – «Саз сөздігі» (итальянша-қазақша музыкалық терминдердің сөздігі, 1994), «Ән бағдарламасы» (1994) және «Ән әліппесі» (2001) атты әдістемелік оқу құралдарының авторы. 1972 жылы Бішкек қаласында өткен 4-ші Қазақстан және Орта Азия аймақаралық орындаушы-музыканттар байқауының лауреаты атанды. 1976 жылы 31 жастағы әнші-педагокке «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі» құрметті атағы берілді.
Оның тамаша өнерін Дінмұхамед Қонаев, Байкен Әшімов, Өзбекәлі Жәнібеков, Мұрат Әуезов сияқты зиялы қауым жоғары бағалады. Дінмұхамет Ахметұлы 1986 жылы зейнетке шыққаннан кейін, үйіне сәлем бере келген Бибігүл Төлегеновадан және де басқа өнер иелерінен «Әлгі әнші Амангелді Сембин қайда жүр?» деп жиі сұрайды екен. Соны естіген әнші Димаш ағасына сәлем бере келіп, оның өтініші бойынша бірнеше халық әндерін орындайды. Ән орындауына риза болған Д.Қонаев «Айналайын, өнерің өрге жүзсін! Анда-санда болса да, шақыруды күтпей-ақ келіп тұрсаңшы...», деп өтініш білдіріпті.
Бірде бүкіл әлемді әнімен бағындырған лирикалық тенор Л.Паваротти қазақстандық делегациядан: «Қазақстандық жас әнші Амангелді Сембинге «Ла Скалада» кезінде сабақ беріп едім. Ол қазір қайда?» деп сұрапты.
Осынау ғаламат әнші, аяулы Амангелді Сембин туралы кезінде Шерхан Мұртаза, Ілияс Есенберлин, Қали Сәрсенбай, Жанарбек Әшімбек сынды қаламгерлер жүрек тебірентер мақалалар, эсселер жазды. Бірнеше деректі фильмдер шықты.
Алайда, ұлтымыздың классикалық ән өнерін әлемдік деңгейде танытқан тағдырлы тұлғаның өмірі күнгей мен көлеңкеге толы болғанын көпшілік біле бермейді. Опера әлеміндегі сирек кездесетін қоңыр дауысты әнші Амангелді Нақыпұлы өмірін тақтайдай теп- тегіс, айдай анық, сүттей ақ болды деуге болмайды. Талантымен көпшілікті өзіне тәнті еткен әншінің аяғынан шалып, оны сахнадан ертерек кетіруге әрекет еткен өнер саласында қатар жүрген жандар табылды. Оларға қо сыла оның т а лантының уақтысыз өшуіне отбасындағы берекесіздік те елеулі әсер етті. Телевидениеге берген бір сұхбатында әнші: «Жастайымнан армандаған биіктерге жете алмай келемін. Оған себеп аз емес. «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі» атағымен шектеліп қалдым. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деп қазақ орынды айтады екен. Менің мүмкіншіліктерім жоғары еді. Жалпы, менің биіктен құлауыма мақтау, қолпаштау және көреалмаушылық себеп болды. Жүрегімде «Неге еліміздің халық артисі, тіпті КСРО халық артисі атағы маған бұйырмады? Оған не себеп?» деген сұрақ мазалайды да тұрады», – депті мұңайып.
«Қазақта Амангелдіден асқан армансыз әнші өтпегендей көрінеді ондайда. Бірақ бұл сырт көзге ғана солай. Шын мәнінде әншінің ішкі мұңы, орындалмаған ойлары, аяқасты болған арманы – бәрі-бәрі күрсінтеді. Иә, Амангелді әншіні ойға алғанда, арманда кеткен өмір-ай дегің келеді еріксіз...», – деп жазады журналист Назерке Жұмабай.
Театрда көп уақыт басты рөл берілмей, отбасында жолы болмай, терең депрессияға түсіп Алматы көшелерін кезіп жүрген Амангелдіге бірде жазушы Қалтай Мұхамеджанов кезігіп қалады. Оны байқамағандай болып, теріс қарап өтіп кетпек болған інісіне жазушы ағасы тоқтатып: «Әй, Амангелді, бері кел!» деп қасына шақырып, «Саған қанша адамның қиянат қылғанын түр-түсіне дейін айтып бере аламын. Бірақ оларды ату қолдан келмейді. Менің бір ғана өкінішім – сендей асыл азаматты бүкіл ел жоғалтып алды. Осыны ойлаған сайын жүрегім жылап қоя береді. Өкініштісі сол...», – деп көңіл-басу айтыпты.
Өмірінің біраз жылдарын консерваторияда доцент қызметінде болып, жастарға сабақ берумен айналысты, бірнеше оқу құралдарын жазды. Оның «Бұйыртса, 60 жасыма қарсы денсаулығымды түзеп, мына сүйеніп жүрген таяғымды тастап Сарысуға, Жайылмаға шәкірттерімді ертіп барып үлкен концерт беремін» деген арманының орындалмауына қажыған денсаулығы әсер етті. 2005 жылдың 14 сәуірінде, 60 жасында Паркинсон дертінің асқынуынан өмірден өтті. Уақыт келе көпшілік оны тез-ақ ұмыта бастады. Өйткені, артында іздеушісі, сенімді тіреушісі жоқ еді. Қайран, өмір!..
«Жуырда ғана қорапт а жатқан қағаздарды ақтарып отырып, «Егемен Қазақстан» газетінің 2005 жылғы 31 мамырда шыққан нөмірі көзіме түсті. Тақырыбы – «Сембин», авторы Қали Сәрсенбай екен. Тор көз сауыт сияқты тоқыма жемпір киген сұлу жігіт – сол Сембиннің өзі, қырын қараған сұлу сурет. Қали Сәрсенбай менің Амангелді С ембин туралы кезінде жазған бір ауыз сөзімді келтіре кетіпті. Мен: «Кезінде сондай бір әнші болған, сондай бір жұлдыз жарқырап туған. Сол жұлдызды жабылып жүріп өшіргенбіз», – деп жазыппын. Енді арада жылдар өтіп кеткен соң ойлап қарасам, дұрыс айтқан екенмін. Мұны Қали Сәрсенбай мына «Егемен Қаз ақст ан дағ ы» көлемді мақаласында, мақала емес-ау, аса ірі дарынды жоқтау- эссесінде еске сала кетіпті. Рақмет. Иә, менің Амангелді Сембинді Алматыдағы Опера және балет театрында «Қыз Жібек» спектаклінде көргенім рас. Сол спектакльде Сембин Төлеген рөлін ойнады. «Қыз Жібек» операсын сан рет көріп жүріп, осы жолғыдай тебіренген емеспін. Төлеген болып ойнаған басқа мықтыларды мансұқтағым келмейді. Қанабек Байсейітов, әрине, классик! Ешқандай талас жоқ. Бірақ ол кейін-кейін жуан тартып, егде болған кісі еді. Ал, мына Төлеген ғасырлардың тіріліп келген, әлі өлмеген, Бекежан жауыздың қанды қанжары да жүрегіне дарымаған, өмірдегі Төлегеннің дәл өзі сияқты еді- ақ. Тұла бойы тұнып тұрған талантпен қоса жаратылыстан бірге жаралған бекзаттық қасиет оның бар болмысын асқақтатып тұратын.
Қали Сәрсенбай жазады: «АҚШ-та талантты қорғайтын этикалық бас басқарма бар екен», – деп. Ондай мекеме бізде әлі күнге дейін жоқ. Ондай мекеме болса немесе аса дарынды адамдарды ала көзден, бәле көзден, сұқ көзден, театрдағы, өмірдегі дарынсыз Қотыраш, Батыраштардан, өзге де жақтың өзеуреген өсекші, бәлеқор, жалақорларынан қорғайтын заң болса, кім біледі, Сембин бәйшешектей ерте солмас еді.
Бәйшешек байғұс қаһарлы қыс шығар-шықпастан, көктем әлі келер-келместен, күнәсіз пәк періштедей күлімсіреп шыға келеді де, жер бетінен лезде көшіп кетеді.
Қали Сәрсенбай Сембиннің анасының сөзін келтіреді: «Дүниеге сыймай кеттің-ау, құлыным», – депті анасы. Дүниеге Сембин сыймай кеткен жоқ, Қотыраштар сыйдырмады ғой. Бірақ ақпейіл ана ешкімді кінәламайды. Күншіл Қотыраштар таспаға жазылған даусына дейін қалдырмауға тырысқан. «Сембиндей асыл талант теңіз түбіндегі інжу- маржандай ғасырларда ғана бір- ақ кездесетін сирек қазына. Жүз жылда бір-ақ туатыны өкінішті», депті «Бір кем дүние» деген кітабында Алаштың айбынды азаматына айналған аяулы Шерхан Мұртаза ағамыз.
Режиссер Зауре Наби 2023 жылы «Керуен сазы» деген телебағдарламада «Сломанная судьба артиста» деген сұхбат- хабар түсірді. Телекөрермендер оны өте жылы қабылдап, жүрекжарды пікірлерін білдіріп жатты. Солардың бірнешеуін келтіре кеткенді жөн көрдік:
«Ең алдымен Зауре ханымға алғысымды білдіремін! Осындай дарынды тұлғаны – Амангелді Сембин ағамызды, бірі білсе бірі біле бермейді сол ғажап адамды елімізге дәл қазіргі уақытта рухани байлық жұқарған сәтте келешек ұрпағымызға таныстырып өтудің өзі даналық деп білемін! Қандай ғажап үн тенор! Нағыз қазақи қоңыр мықты дауыс! Қайталанбас жарық жұлдыз! Ағамыздың жатқан жері жарық, жаны жәннаттың төрінде болсын», – дейді Шолпан Орманова атты көрермен.
«Теңдессіз керемет дауыс! Бұл кісі туралы фильм түсіру керек! Анна Германның фильмі сияқты! Аннаның фильмінде де санаулы әндер ғана бар ғой! Бірнеше рет өте жақсы орнымен пайдаланған сценарийде. Дәл сол құсатып мәнді-мағыналы етіп, Тараздағы училищеде оқып жүргенінен бастап, Алматыда, Мәскеуде оқыған кездерін, Лас-Вегаста болған кездерімен жалғастырса керемет болар еді! Абай атындағы опера балет театрында қызмет еткенінен бастап, одан ұстаздықпен жалғасқан өмір жолымен аяқталса қандай!», – деген ұсыныс айтады Ұлдана Молдабаева.
«Жас болғанда қызу мінезді болған екен, тіке, тура сөйлеп, кейбіреулерге жақпаған, қулық болмапты, әншілердің, әртістердің арасында конкуренция, қызғаныш болған, кеткеніне қуанған сияқты кейбіреулер, даусы ашық, сөздері анық, нағыз Халық әртісіне лайықты екеніне сөз жоқ», – деп күрсінеді тағы бір көрермен.
«Менің бірінші ұстазым, ол кісінің театр институтына ұстаз болып кірген кезінде бірінші шәкірті болғанымды мақтанышпен айтамын. Әншілігі көпшілікке белгілі ғой, ал ұстаздығы тіпті керемет еді. Е, ол кісі туралы бірталай нәрсе айтуға болады, бір сәті келіп жатса…», – дейді Қалқаман Қабышев.
«Сол кезде өнер адамдарының арасында күншілдік, көреалмаушылық болғанын айтып отыр Амангелді аға. Театрдан кеткен соң қиындықтар болып, депрессияға түскен. Сондай мықты Ресейдің опера әншілерімен бірге сахнада өнер көрсетіп, атақты Лемешевтен сабақ алған. Әттең-ай, өз туған елінде жұлдызы жанбай кеткені ай».
«Қандай өкінішті, осындай ерекше т алантты адамды қолдаудың орнына соншама қорлап, бағаламағандарымыз, үлкен сын. Әсіресе атақты опера әншілеріне, әріптестеріне. Иә, бізді құртатын көреалмаушылық пен қызғаныш. Өте өкінішті...»
Өкінішке қарай, кезінде Амангелді Сембинге алғашқы өнер мектебі болған Жамбыл мәдени-ағарту училище сі бүгіндері жоқ. Ол жаңа талаптар реформасына сәйкес қазіргі педагогикалық колледжінің құрамына еніп кетті де мәдени- ағарту училищесін бітірген өнердегі дарынды түлектерінің тарихы, олардың жетістіктері мүлдем ұмыт қалды. Реті келіп жатса біз жоғарыда әңгіме еткен қазақ операсының жарық жұлдызы Амангелді Сембин және басқа да осы мәдени- ағарту училищесін тәмамдаған белгілі өнер тұлғалары жайлы мәліметтер мен естеліктер, суреттер мен құжаттар жинап музей-кабинет ашылып жатса несі артық?
Ерекше талант иесі, атақты опера әншісі А.Сембиннің 80 жылдық мерейжасы да облыс көлемінде орынды аталып өтіліп, әншілердің байқауы өткізілсе деген тілек бар.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Айдан келген топырақта қазақ баласының да қолтаңбасы бар
- 20 наурыз, 2025
Күн мен түн теңелгенде...
- 20 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді