
Жұма күні облыстық «Анаға тағзым» орталығында өткен Оразкүл Асанғазықызымен кездесуге өңірдегі сыйлы ақсақалдар мен белсенді аналар, келіндер мен студент қыздар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ерекше көп жиналды.
Жиын Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаевтың жүректі тербейтін әнімен ашылды. Елімізге танымал күйші Дидар Басықараев та аңызға айналған күйші Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін шебер орындады.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев сөз алып: «Адамның жақсы қасиеті – тәрбиесі мен өнер, білімінде. Осы ізгі қасиеттердің баршасы Оразкүлдің бойында бар. Бір өңірге келін бола жүріп, аудандарды басқарды, облыс әкімінің орынбасары болды. Бүгін сіздердің орталарыңызға келіп отырған қонақтың отбасы құндылығына сіңірген еңбегі өте зор. Оразкүлдің қаламынан туған жаңа кітап құтты болсын. Жастарға үлгі берер мол қазына болсын», – деді. Ал, белгілі профессор Серік Негимов Оразкүл Асанғазықызының жазып шыққан жаңа кітабы бойынша жылы лебізін онлайн түрде білдірді. Өңірге сыйлы ақсақал, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Қасымхан Төлендиев, Тараз қалалық аналар алқасының төрайымы Жанат Сарыбекова да ізгі тілегін арнады.
Келесі кезекте кеш қонағы Оразкүл Асанғазықызы сөз алып, барша көпшілікпен жылы амандасып, көрсеткен құрметтері үшін алғысын айтты. Сондай-ақ, ол: «Еліміздің барлық облысын түгел аралап шықтым. Әрине, ақылым асық болғаннан немесе баратын жер таппай қалғаннан емес. Елімізде жас отбасылардың ажырасу жағдайы ұлғайып, балаларды тәрбиелеу жағы ақсап жатыр. Ел сыйлаған қалпымызды пайдаланып, жас келіндерге, болашақ аналарға өмірлік тәжірибемді айтуға келдім. Жас отбасыларға ой салсам, қазақтың ұлттық тәрбиесіне, отбасы құндылығына үлесімді қоссам деген ойым бар. Бізді әжеміз тәрбиеледі. Сол Рысбала әжеміз арқылы іс тігу, киім тоқу, тамақ әзірлеу жұмыстарының бәрін үйрендік. Ол үйренгеніміздің баршасы келін болған кезімде көмегін берді.
Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтын бітіріп, Түркістан облысына келін болып түстім. Екі енем болды. Мен түскен шаңырақта сауылатын төрт сиыр бар екен. Ауылдың кейбір үлкендері:
«Әй, мынау оқу оқыған келін сиыр сауа ма?» деп сөйлеп қалды. Мен бірақ сол әжелердің баршасының сөзін теріске шығардым. Ол үшін таңғы сағат 04:00-де ояндым. Сөйтіп, төрт сиырды сауып келіп, есіктің алдын сыпырып үлгердім. Екі енеме баптап, жақсылап сүт қатып таңертеңгі шайын беріп, мектептегі жұмысыма кетуші едім. Мектептен келіп, келінге тиесілі жұмысқа қайта кірісіп кетіп жүрдім. Одан жаман болған жоқпын. Екі әженің ғана емес, бүкіл ауылдың батасын алдым. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Жас келіндер, қыздар тек жақсылық ойлаңдар, жақсылық тілеңдер. Жаратушы береді. Мәселен, Талғат Бигелдинов деген ұшқышты білесіздер, аспанға 325 рет ұшақпен көтеріліп, соғыс даласында аман-есен қонып жүрген. Сонда анасының тілеген дұғасы қабыл болған. Бақтияр Артаев бала күнінде оқушының дәптеріне: «Мен чемпион баламын, мен чемпион боламын» деп өте көп жаза береді екен. Олимпиада чемпионы болды. Жақсылықты сұраудан, тілеуден жалықпаңдар. Мен кітап жазсам деп жоспарладым, жаздым. Отбасы құндылығына үлес қосу үшін жаздым. Бір кітап жазу үшін жүз кітап оқып шықтым. Биыл Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Әулиеата – кітап оқитын өңір» деп бастама көтеріп жатыр емес пе? Өте орынды бастама. Әсіресе, қыздар, болашақ аналар кітап оқуы керек», – деді.
Мұнан соң қонаққа сұрақ қоюшылар да аз болмады. Тараз қаласының тұрғыны Гүлдана Үсейінова: «Өтпелі кезеңде толқып тұрған жасөспірімдерді қалай тәрбиелеуге болады?» деп сұрақ қойса, өңірімізге белгілі ұстаз Салтанат Жұмабекқызы мектептердегі сынып жетекші деген лауазымның маңызын көтеру, сол лауазымды жеке штат ретінде қарастыру туралы ұсынысын айтты. Заңгер Гүлбану Омарова:
«Сіздің өзіңіздің де отағасы бар. Ол кісі сіздің осындай белсендігіңізге қалай қарайды? Қазақта ер адам әйелден бір саты жоғары емес пе?» деп сұрады. Кеш қонағы Оразкүл Асанғазықызы осы сауалдардың баршасына жан-жақты, кеңінен жауап берді. Ол бала тәрбиелеу сәби ананың құрсағында жатқанда басталу керектігін, сынып жетекші рөлін көтеруді әр жиында қозғап жүргенін айта келіп: «Отағасы мен үшін жоғарғы орында. Ол кісі де жоғары лауазымды қызмет істеген азамат. Екеуміз Алматыда жоғары оқу орнын бірге бітірдік. Жолдасымның мамандығы – зоотехник. Еліміздің ауыл шаруашылығы саласында абыройлы еңбек етті. Ол да үнемі мені қолдап отырады. Себебі, не істесем де сол кісінің рұқсатын сұраймын», – деді.
Мұнан соң облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов пен Тараз қалалық аналар алқасының төрағасы Жанат Сарыбекова Оразкүл Асанғазықызының «Отбасы берекесі» кітабының тұсауын кесті. Оңласын Есіркепов бата берді. Жиын соңында Оразкүл Асанғазықызы өзін сыйлап келген барша көпшілікке, «Анаға тағзым» орталығына алғысын білдірді.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Айдан келген топырақта қазақ баласының да қолтаңбасы бар
- 20 наурыз, 2025
Күн мен түн теңелгенде...
- 20 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді