«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұрпақ санасында ұштасқан қос құндылық

Ұрпақ санасында ұштасқан қос құндылық
Ашық дереккөз
Қазіргі таңда жаңашылдыққа бет бұрудың маңызды екенін ескермеуге болмайды. Мәселен, қай кезде де «кітап – алтын қазына» десек, заманауи технологияның шыңы – компьютер. Осы екі құндылық баршамызды ойландырады. Осы мәселе облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының» ұйымдастыруымен өткен «Кітап пен компьютер» атты әдеби-сазды кештің арқауына айналды.

Іс-шараны облыстық «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Медеу Мырзатай ашып, асыл қазынадан да алыстамай, заман көшінен де қалмауды жастарға айта келіп, әдеби кешке сәттілік тіледі. Мұнан соң аталған орталықтағы «Айтыс» және «Жыршы – термешілер» үйірмелерінің қатысушылары өз өнерлерін ортаға салды. Атап айтқанда, Халықаралық «Жас толқын» байқауының бас жүлдегері, Астана қаласында өткен «Бала әлемі» өнер байқауының 1-орын иегері Мансұр Алишев Ақан серінің «Маңмаңгер» әнімен кештің шымылдығын ашты. Мұнан соң республикалық Төлеген Айбергенов оқуларының 1-орын иегері Мерей Жамалбек және үйірменің ең жас мүшесі Айша Сұлтан өз өлеңдерін оқыса, «Тәуелсіздік толғауы» атты қалалық мүшәйраның бас жүлде иегері Ержігіт Ораз күмбірлетіп күй тартты. «Жыр алыбы – Жамбылым» атты ақындар айтысының қалалық кезеңінің 3-орын иегері Қанат Жасаров та мәніне келтіріп өлең оқыды.

Сонымен қатар, Бақдәулет Дәулетқұл, Даниял Сұлтанхан, Мирас Жамалбек кітап пен компьютердің беретін құндылықтарына қатысты өлеңдерін оқып, кештің шырайын кіргізді. Іс-шараны республикалық оқушылар айтысының бірнеше дүркін жүлдегері Інжу Жаңабай шебер жүргізді. Үйірме жетекшілері Дидар Апбасов пен Сәрсен Әбілқайыр өздерінің жоспар-жобалары, жас өнерпаздардың мүмкіндіктері, кітап пен компьютер байланысы туралы айтып өтті. Іс-шараны аталған орталық директоры Ахметжан Өзбеков қорытындылап, маңызды тақырып талқыланғанына, осы жасөспірімдердің өнерін өрістетуге орталықтың ықпалы зор екеніне тоқталды.

 

Арайлы ӘБДУАЛИЕВА,

облыстық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілері орталығы» мекемесінің қызметкері.

Ұқсас жаңалықтар