«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ертегі баланың ертеңін қалыптастырады

Ертегі баланың ертеңін қалыптастырады
Ашық дереккөз
Қазақстанның түкпір-түкпірінде балабақшалар мен бастауыш сынып оқушыларына арналған «Әжемнің ертегісі» атты ұлттық жоба жүзеге асуда. Бұл жобаның мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, балаларды рухани-адамгершілікке баулу және дәстүрлі тәрбиені жаңғырту. Жоба өңірдегі 618 мектепке дейінгі білім мекемесі мен бастауыш сыныптарда жүзеге асырылып жатыр.

«Баяғы бір заманда» деп басталатын ертегілерді біздің ұрпақ үнемі естіп өстік. «Тазша баланың» ертегілері, «Алдар көсе» туралы, Әбділда Тәжібаевтың «Толағай» ертегілерімен сусындап, батырлар жыры мен жыраулар, сал-серілер жайлы естіп те, оқып та өстік. Алайда, кейінгі ұрпақ бесік жыры мен халық ертегілерін айтар адам болса, әрине тыңдайды. Технология мен ғылымның шарықтап дамыған заманында қазіргі жасөспірімдерге ғаламтор мен әлеуметтік желі қызық. Оның үстіне робототехника, IT, шет тілдері сынды үйірмелерге әуес. Иә, бір тіл білсең бір адамсың, екі тіл білсең екі адамсың. Десе де, мына жаңа бастама арқылы әр бала өз әжесінен ертегі тыңдағандай әсер алып, ата-бабамыздан қалған рухани қазынаны жүрегіне сіңіре алады. Жаңа жоба тек қазақ мектептері мен қазақ балабақшаларында ғана емес, орыс тілінде білім мен тәрбие беретін мектепке дейінгі мекемелерде де жүзеге асып жатыр екен.

Мәселен, біздер Наурыз мерекесіне үлкен дайындық жасап жатырмыз. Күбі, тостаған, шара, астау, тегене алдырудамыз. Бір әже отырып ертегі айтады. Тәрбиешілер міндетті түрде бір сағатты ертегіге бөлеміз. Бізде бір ғана қазақ бөлімі бар. Қалғанының бәрі орыс топтары. Ертегі барлық ұлтта бар. Әр халықтың ертегілерін айтып отырамыз. Айтып болып, артынша мультфильмін көрсетуге тырысамыз. Ертегіде үлкен мән бар. Кейде кітапта басқаша, мультфильмінде басқаша болуы мүмкін. Біз осының ара-жігін талқылап та жатамыз. Негізі өте тамаша жоба, дейді №22 балабақшаның тәрбиешісі Наталья Николаевна.

Жобаға зейнеткер ұстаздар, балабақша мен мектеп ата-аналары, психологтар, зиялы қауым өкілдері қатысуда. Олар арнайы бекітілген тізім бойынша білім мекемелеріне барып, ұлттық нақыштағы киім киіп, танымдық сағаттар өткізеді.

Бұл шаралар ертегілерді мәнерлеп оқумен ғана шектелмей, балалармен еркін сұхбат жүргізу, ертегі желісі бойынша қойылымдар көрсету, ұлттық ойындар мен дәстүрлерді насихаттау секілді әртүрлі форматта өтеді. Осындай интерактивті тәсілдер арқылы балалар ертегі кейіпкерлерімен етене танысып, олардың бойындағы өнегелі қасиеттерді сіңіреді.

Бүгінде шындап келгенде үйінде отырып немерелеріне ертегі айтатын да әже қалмады. Ата-апалардың бәрі жұмысбасты. Ертегі – баланың ертеңін қалыптастырады. Өзім ардагер ұстаз ретінде мектептерге, балабақшаларға барып ертегі айтып беріп жүрмін. Менің алтын сандығымда «Құйыршық», «Қобыланды батыр» жыры, «Күн астындағы Күнекей қыз» ертегілері бар. Әжелер айтқан ертегілер арқылы бала жақсы мен жаманды, дос пен дұшпанды, мейірімділік пен жауыздықты айырып, аражігін ажырата біледі. Тілі жаттығады, ойы толысады, дейді ардагер ұстаз Гүлнар Есмаханова.

«Бала кезде үш жастан он екі жасқа дейін әр адам өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін ертегіден алады» деген екен даланың дара ұстазы Ыбырай Алтынсарин. Сондықтан «Әжемнің ертегісі» – тек ертегі тыңдау ғана емес, ол – тәрбие көзі, ұлттық рухани мұраны насихаттаудың жарқын үлгісі!

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

 

 

Ұқсас жаңалықтар