«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жамбылдық оқушы Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» еңбегін 3D форматта жаңғыртты

Жамбылдық оқушы Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» еңбегін 3D форматта жаңғыртты
Ашық дереккөз
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының ұлы ағартушысы, ақын әрі ұлт ұстазы. Оның «Қырық мысал» жинағы – адамгершілік пен әділдік идеяларын насихаттайтын, халықтың санасын оятуға бағытталған бірегей туынды. ХХ ғасыр басындағы көкейкесті мәселелерді мысал жанры арқылы көркем жеткізген бұл еңбек бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Бүгінде жас ұрпақ ұлттық мұраны жаңа технологиялар арқылы жаңғыртып, оны заманауи аудиторияға ұсынудың тың тәсілдерін іздеуде. Осындай ізденімпаз жастың бірі –Жанель Күрішбекова. Ол Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» кітабын 3D-модельдеу арқылы жаңаша форматта ұсынып, қазақ әдебиетіне ерекше серпін әкелді.

Жанель – жаңа технологияларды меңгеруге қызығушылық танытатын, қазақ әдебиетіне зор құрметпен қарайтын дарынды оқушы. «Қырық мысалды» интерактивті форматта ұсыну идеясы оның ғылыми ізденістері барысында қалыптасты.

«Бұл жобаны жасаудағы басты мақсатым – қазақ әдебиетінің асыл мұрасын жаңа технологиялар арқылы кеңінен насихаттау», – дейді Жанель.

Жобаны бастамас бұрын ол Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығын терең зерттеп, мысалдардың мазмұнын жан-жақты талдады. Бұл жұмыс барысында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Омарова жетекшілік жасап, ғылыми негізін қалауына көмектескен.

«Қырық мысалды» 3D форматта ұсыну – әдебиетті оқытудың жаңа әдісін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Ұстазы Айнұр Жамалбекқызы бұл бастаманың қазақ әдебиетіне деген қызығушылықты арттыра түсетінін айтады.

– Жастарға әдебиетті жаңа технологиялар арқылы таныстыру – уақыт талабы. Жанельдің жобасы қазақ классикасын интерактивті түрде жаңғыртып, оқушылардың шығармаларға деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізеді. Егер осындай инновациялық әдістер мектеп бағдарламасына енгізілсе, әдебиет сабағы әлдеқайда тартымды болар еді, – дейді ұстазы Айнұр Омарова.

Жанель бұл жобамен шектелмей, қазақ әдебиетінің басқа да шығармаларын 3D форматта жасап, ұлттық мәдениетті насихаттауды жалғастыруды жоспарлап отыр. Ол үшін жас таланттарға қолдау көрсету маңызды. Себебі, мұғалімнің бағыт-бағдары мен қолдауы оқушылардың ғылыми және шығармашылық әлеуетін ашуға үлкен мүмкіндік береді.

Егер осындай жаңашыл бастамалар әрі қарай қолдау тауып, дамыса, қазақ әдебиеті мен мәдениеті жаңа деңгейге көтерілері сөзсіз. Интерактивті әдебиет – болашақтың оқыту әдісі!

 

Бақытжан БЕКБОЛАТ,

журналист.

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар